Осыған орай, 2018-жылының желтоқсан айының 11- күні Информатика кафедрасында “Жаңартылған білім беру жүйесіндегі критериалды бағалау” тақырыбы бойынша ғылыми-әдістемелік семинарының кезекті отырысы өткізілді. Семинарды қаламыздағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп гимназиясының информатика пәнінің тәжірибелі мұғалімі Мурзагалиева Гүлмира Шугаевна тренинг түрінде өткізді. Семинарға кафедра оқытушылары және 5В01100- Информатика мамандығының бітіруші топ студенттері қатысты. Семинар жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша білім алушыны бағалаудың қазіргі заманғы формалары мен оның тиімділігі туралы тәжірибемен бөлісу мақсатын көздеді.
Семинар барысында алдымен “Сағат” әдісімен оған қатысушылар арасында жағымды көңіл күй қалыптастырылды. Сонан соң, қатысушыларға критериалды бағалау жүйесінің мазмұны, қалыптастырушы және жиынтық бағалау түрлері туралы мазмұнды слайд көрсетілді. Келесі кезекте студенттер топқа біріктіріліп, бөлім және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмалары бойынша бағалау критерийін анықтау, дескриптор құрастыру сияқты тәжірибелік жұмыстар орындады. Соңында олар тақырып бойынша алған өз білімдерін “Блоб ағашы” әдісі бойынша бағалады.
Семинар соңында студенттер биылғы жылы оқу жоспарына кірістірілген “Жаңартылған білімнің теориясы мен технологиясы” пәні бойынша алған теориялық білімдерін мектептік тәжірибемен толықтыру мақсатында көкейіндегі сұрақтарын қойып, алдағы педагогикалық сараманда осыған дейін алған білімдерін сынамақ ниетте тарқасты.
>
>
>